АЛМАТЫ, 1 наурыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы Ұлттық банктің әлемдегі геосаяси жағдайға және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттері туралы есебін тыңдады.
Президентке қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар, соның ішінде халықтың теңгемен салған салымдарын қорғау, сыртқы және ішкі секторлардағы негізгі қатерлер ескеріп, ақша-несие саясатының іске асырылу барысы туралы баяндалды.
Ғалымжан Пірматов валюта нарығындағы ахуал, Ұлттық банктің алтынвалюта резервтерінің және Ұлттық қор активтерінің жай-күйі туралы айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.
Айта кетері, 1 наурыздағы сауда-саттық қорытындысы бойынша Қазақстан қор биржасында доллардың орташа бағамы 485,53 теңгені құрады.
Бір күн бұрын доллар 495 теңгеге тең болды. Ұлттық валюта бағамы Ресейдің Украинаға арнайы әскери операция жүргізетіні туралы ақпарат тарағаннан кейін құбылды.