Саясат

Тоқаев Ресей мен Украинаны келісімге келуге үндеді

Президент қажет болса, делдалдық қызметін ұсынуға дайын екенін мәлімдеді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украина мен Ресейді келісімге келуге үндеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тоқаев Қазақстанның позициясы мемлекетіміздің аумақтық тұтастығын, егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысына негізделетінін атап өтті.
"2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін қабылдаған ел ретінде біз еуразиялық қауіпсіздіктің бөлінбеушілік қағидатын ұстанамыз. Мен бұл туралы 10 ақпан күні Мәскеуге жасаған сапарымда айттым. Бөлінбеушілік принципі мен қауіпсіздіктің тұтастығы өзара сенім негізіндегі өзара түсіністікті білдіреді. Өкінішке қарай бұл болған жоқ. Минск келісімі қағаз жүзінде қалды. Ал бұл Украина аумағындағы әскери іс-қимылдарға әкеп соқты", -деді Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде.
Мемлекет басшысы геосаяси ахуал ушығып кеткенін айтты.
"Өкінішке қарай, қазір бұл тенденцияның тоқтайтын түрі жоқ. Сондықтан біз қос мемлекетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға, келісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Бейбітшілік болмаса, даму жоқ", - деді мемлекет басшысы.
Ол Қазақстан өз тарапынан жәрдемдесуге, егер қажет болса, делдалдық қызметін ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінде бірқатар жұмыс жиындарын өткізгенін атап өтті. Айтуынша, үкімет алдына санкциялардың күшеюін ескеріп, елдің әлеуметтік-экономикалық орнықты дамуын қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер қойылған.