Саясат

Саясат Нұрбек мәжіліс депутаты болады

Саясат Нұрбек Дариға Назарбаеваның орнына барады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Қоғам қайраткері Саясат Нұрбек мәжіліс депутаты болады. Бұл туралы Nur Otan партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов хабарлады.
"Саяси кеңес бюросының қаулысымен Nur Otan партиясынан парламент мәжілісі депутатының бос мандаты партиялық тізім бойынша Саясат Нұрбекке берілу туралы шешім қабылданды. Тиісті шешім ҚР Орталық сайлау комиссиясына жіберілді", - деп жазды Оралов Facebook-те.
Айта кетері, бүгін, 25 ақпанда Дариға Назарбаева мәжілістен кететінін мәлімдеді. Ол өз үндеуінде қоғамдық, гуманитарлық, мәдени және қайырымдылық қызметпен айналысатынын айтты.
Көп ұзамай Назарбаева Орталық сайлау комиссиясына өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш берді. ОСК Назарбаеваның өкілеттігін тоқтату туралы ұсынысты мәжіліске енгізеді.
Еске салсақ, Дариға Назарбаева 2022 жылдың қаңтарынан бері парламентке келмеді. Алғашында ол коронавирус инфекциясынан емделіп, кейін оңалту курсынан өтіп жатқаны хабарланды. Назарбаева жалақысы сақталмайтын еңбек демалысында болған.