НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Түркістан облысындағы мектептердің бірінде мұғалімдер арасында жанжал шығып, директор қызметінен босатылды.
Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті Шардара ауданындағы Төлеген Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі С. Жақыпованың Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған бейнеүндеуін қарады.
"Мектеп директорының орынбасары мен мұғалімнің арасында педагогикалық жүктемені ұстаздар арасында бөлуге байланысты дау туындаған", - деп хабарлады департамент мамандары.
Төлеген Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының директоры М. Қаныбеков қызметінен босатылды. Директордың орынбасары Р. Мұсалиеваға қатысты 409-бап бойынша "Педагогке өзінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде құрмет көрсетпегені үшін" әкімшілік іс қозғалды.
Шардара аудандық соты директордың орынбасарына 30 АЕК көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Қазіргі уақытта мектеп директорының орынбасарын қызметінен босату туралы мәселе сотта қаралып жатыр.
Еске сала кетейік, жәбірленуші осы оқиғадан кейін құрсағындағы нәрестесінен айырылғанын айтқан болатын.
Айта кетері, мектептер заң жүзінде әкімдіктердің қарамағында. Білім басқармаларының басшыларын әкімдер тағайындайды. Ал басқарма басшылары мектеп директорларын тағайындайды. Сондай-ақ қаржыландыру да әкімдіктердің құзырында.