Өңірлер

Маңғыстау энергетиктері жалақыны 70 %-ке көтеруді талап етті: еңбек дауы немен аяқталды

Комиссия отырысында наразылық акциясына шыққан кәсіпорын жұмысшыларының алты талабы қаралды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. "Маңғыстау өңірлік электр желілері компаниясы" АҚ жұмысшыларының жалақысы 15 процентке көтеріледі. Мұндай шешім компания басшылығы мен жұмысшылары арасында өткен келіссөз аясында шығарылды.
Келісімге келу комиссиясының жұмысы 24 ақпанда аяқталды. Оның құрамына "МӨЭК" АҚ басшылығының өкілдері, кәсіпорынның 30 жұмысшысы мен кәсіподақ ұйымының өкілдері кірді.
Комиссия отырысында наразылық акциясына шыққан кәсіпорын жұмысшыларының алты талабы қаралды.
"Төрт күндік комиссия отырысы кезінде кәсіпорын жұмысшыларының жалақысын 15 процентке көтеру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар мәселелер шешімін тапты", - деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, "МӨЭК" АҚ жұмысшылары жалақыны 70 процентке көтеруді талап етті.
Жалақыны көтеруге қатысты еңбек дауы 21 ақпанда басталды. Кәсіпорын жұмысшылары президентке бейнеүндеу жолдады.
Кәсіпорын басшысы Айдар Махамбет 2021 шілде айында жұмысшылар жалақыны көтеруді талап еткені және жыл қорытындысы бойынша оны 10-35 процентке көтеру туралы шешім шығарылғанын еске салды.
Оның айтуынша, кәсіпорын талаптарды орындады, 2021 жылы жұмысшылардың жалақасы 41%-ке көтерілді, жыл соңында индексация жасалып тағы бес процент қосылған. Ал жалақыны 70 процентке өсіру тарифтің өсуіне әсер етеді.