Саясат

ЕАЭО 2022 жылды күрделі жағдайда бастады – Смайылов

Әр ел өзінің ұлттық мүддесін қорғауға тырысады, деді премьер
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Еуразиялық экономикалық одақ елдері 2022 жылды күрделі жағдайда бастады, деді Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында.
"Осы жылды күрделі жағдайда бастағалы тұрмыз – геосаяси тұрақсыздық, жоғары инфляция біздің елдер үшін оңайға соқпайды. Алайда тәжірибе көрсеткендей, біз жаңа экономикалық өзгерістерге жедел әрі ынтымақтастықта жауап беруді үйрендік", - деді Смайылов.
Оның айтуынша, ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары бейсенбі, 24 ақпанда, экономикалық интеграцияны дамытуға бағытталған бірқатар мәселелерді талқылады.
"Әр ел өзінің ұлттық мүддесін, ұлттық нарығын қорғауға тырысады.Экономикалық турбуленттік жағдайында біздің стратегиялық болашағымыз үшін ұлттық мүдде мен интеграциялық процестердің тиімді балансын табу қажет", - деді ол.
Әлихан Смайылов ЕАЭО елдерінің экономикасы 2021 жылы қалпына келуде белсенділік танытып, пандемияға дейінгі көрсеткішке көтерілгенін атап өтті.
"Сонымен қатар сарапшылар биыл әлемдік экономиканың өсімін болжап отыр. Одақтың ішкі жалпы өнімі биыл 3,1 процентке көтеріледі деп жоспарланған", - деді премьер-министр.