НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. Украинадағы жағдайға байланысты ресейлік рубль арзандап барады. Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болғандықтан, теңгенің бағасы да күрт төмендеді. Бейсенбіде ұлттық валютамыз бірден 18 теңгеге арзандап кетті.
Ал ұлттық банк базалық мөлшерлермені бірден 13,5 процентке көтерді. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген экономист Арман Байғанов ұлттық банк мұндай қадамға не үшін барғанын түсіндіріп, теңге бағамына болжам жасады.
Қырым кезінде тура солай болған...
Экономист Арман Байғанов теңгенің күрт құлдырауына Украинада басталған әскери іс-қимылдар әсер етті деп отыр. Басында саяси деңгейде пікірталастар болды. Бүгін Украинада әскери жағдай енгізілді. Ал Ресей әскери операцияны бастады.
"Бұл – форс-мажор жағдайы. Ресейлік рубль таң атқаннан бері 6-7 процентке девальвацияға ұшырады. Бәлкім, тағы арзандайды. Ал Қазақстан мен Ресей Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді. Кедендік шекарамыз бір, сауда-саттық кедергісіз жүргізіледі. Сондықтан Ресейдегі жағдай ұлттық валютамызға да әсер етеді. Естеріңізде болса, тура сондай жағдай 2014 жылы болған. Сол кезде Ресей Қырымның қосылғанын мәлімдеді. Бірнеше айдың ішінде рубль қатты арзандап кетті", - деді Байғанов.
Сарапшының айтуынша, қазір де солай, рубль арзандағаннан кейін теңге де құлдырай бастады. Осыған байланысты ұлттық банкі базалық мөлшерлемені көтерді.
"Ұлттық банк адамдар депозиттерден ақшаны алмасын деп, базалық мөлшерлемені көтеріп қойды. Ондайда депозиттің сыйақы мөлшерлемесі өседі. Бірақ кредиттердің ставкасы да артады. Кредиттер қымбаттайды. Халық несиені көп алмайды", - деп атап көрсетті сарапшы.
Барлығы Украинадағы жағдайға байланысты
Экономистің ойынша, ұлттық банк базалық мөлшерлемені қазіргі ахуалға сай көтерген. Алайда жағдай қиындаса, тағы арттыруға тура келеді.
"Барлығы Украинадағы жағдайға байланысты болады. Қазірдің өзінде оңай емес. Ресейге қатысты санкциялар енгізілді. Оны тағы күшейтсе, ресейлік рубль қайтадан девальвацияға ұшырайды. Сол кезде теңге құлдырайды, базалық мөлшерлеме де көтеріледі", - дейді Байғанов.
Оның айтуынша, мұнай бағасының көтерілуі біршама көмек болады. Өйткені осы шикізаттың саудасынан көбірек ақша түседі. Дегенмен, Әзербайжанмен салыстырғанда Қазақстанға қиындау болады. Өйткені Ресеймен арадағы сауда-саттық ешбір кедергісіз жүргізіледі.
"Әзірше, жағдай өте қиын болып тұр. Егер белгілі бір кезеңде Украинадағы әскери жағдай тоқтап, бәрі орнына келсе, онда қатты өзгерістер болмайды. Ал әскери іс-қимылдар жалғасқан жағдайда рубль құлдырай береді. Қазір Ресейде бір доллар 84-85 рубль болып тұр. Меніңше, ол тағы девальвацияға ұшырайды. Себебі осы елдің банк жүйесіне қарсы санкциялар күшейтілуі мүмкін", - деп атап көрсетті экономист.
Спекуляция болады
Қазіргі жағдайда валюта айырбастау саласында алып-сатарлық әрекеттер көбеюі мүмкін. Сондықтан халыққа дүрбелеңге салынбау қажет. Импорттық тауарлар та қымбаттауы ықтимал.
"Мысалы, қазірдің өзінде теңге 6-7 процентке арзандап кетті. Демек, сырттан келетін тауарлар автоматты түрде дәл сондай айырмашылыққа қымбаттайды. Бізде дайын өнім аз ғой. Алайда үкімет бағаны ұстап тұрады деп сенеміз. Біз үшін Украина мен Ресейдің арасындағы мәселенің тезірек шешілгені керек", - дейді Байғанов.
Айта кетері, 22 ақпанда президент Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Онда Украинадағы жағдайларға байланысты Қазақстанның одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы әскери-саяси және санкциялық текетірес салдарынан ушығуы мүмкін халықаралық ахуалға шұғыл әрекет ету қажеттігін айтты. Ал үкімет дағдарысқа қарсы жедел шаралар жоспарын әзірлейді