НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. Парламент сенатының спикері Мәулен Әшімбаев Украинадағы жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, жағдайдың ушыққанына қарамастан, оны бейбіт жолмен, келіссөздер арқылы шешу қажет.
"Жағдай шиеленістің жаңа деңгейіне шықты және мұндай кезде келіссөз арқылы жанжалдың саяси шешімін іздеу өте маңызды. Бүкіл мүдделі тарап қатысатын келіссөздер қажет. Ресей де, Украина да бізге өте жақын елдер. Келіссөз үстеліне отырып, мәселені дипломатия жолымен шешуге әлі де кеш емес", - деді палата төрағасы сенат кулуарында.
Әшімбаев 22 ақпан, сейсенбі күні сыртқы істер министрі Қазақстанның ұстанымын жария еткенін атап өтті. Бүгін, спикердің пікірінше, ахуалдың өзгеруіне байланысты елдің сыртқы саяси ведомствосы жаңа мәлімдеме жасайды.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев осы іспеттес мәселелерді қарайтын негізгі халықаралық ұйым ретінде БҰҰ-ның ерекше рөлін атап өтті.
Еске салсақ, 22 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин ДХР мен ЛХР тәуелсіздігін мойындайтынын мәлімдеді. 24 ақпанда Путин ресейліктерге жолдаған арнайы үндеуінде Донбасста арнайы әскери операция жүргізу туралы шешім қабылдағанын жариялады. Ал Украина президенті Владимир Зеленский елде әскери жағдай енгізді.