НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова тұрғындардан наурыз мерекесі кезінде карантиндік шараларды сақтауды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Тәжірибе көрсеткендей, әр мерекеден кейін эпидемилогиялық жағдай карантиндік шаралардың сақталмауына байланысты нашарлайды. Сондықтан сіздерді мереке күндері қарсаңында қарапайым қауіпсіздік шараларын естен шығармауға шақырамын. Наурыз айындағы мерекелер эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және коронавирус жұқтырғандар санының өсуіне алып келмеуі керек", - деді Бейсенова елордадағы эпидемиологиялық жағдай туралы баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қалада коронавирус жұқтыру көрсеткішінің төмендеуі мен карантиннің жеңілдеуіне қарамастан, вирустың мутацияға ұшырауы жалғасуда.
Соңғы жүргізілген секвенирлеу нәтижесі бойынша Нұр-Сұлтанда қаңтардан бері "омикрон" штамы үстемдік етіп келеді. Сонымен қатар 29,4% - "дельта" штамм таралған. Бас санитар дәрігер "дельта" штамм ауыр өтетінін және көп жағдайда өлімге әкеп соғатынын ескертті.
Бейсенова індеттен қорғанудың жалғыз жолы вакцинация екенін тағы бір мәрте атап өтті.
Айта кетері, қазіргі таңда елордада вакциналауға жататын халықтың 71,5%-і бірінші компонент салдырса, 67,3%-і екінші доза алды.