НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан – Sputnik. "ҚазТрансОйл" АҚ басқарма төрағасы қызметіне Талғат Құрманбаев сайланды.
"ҚазТрансОйл" АҚ директорлар кеңесінің шешіміне сәйкес Талғат Құрманбаев 2022 жылдың 23 ақпанынан бастап "ҚазТрансОйл" АҚ бас директоры (басқарма төрағасы) болып сайланды", - делінген компанияның ресми хабарламасында.
"ҚазТрансОйлдың" бұрынғы басқарма төрағасы Димаш Досановтың өкілеттігі 14 қаңтарда мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын. Айта кетері, 40 жастағы Димаш Досанов – Қазақстанның тұңғыш президентінің қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі.
"ҚазТрансОйл" АҚ – магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор. "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ тобына кіреді. Ұзындығы 5,4 мың километр магистральды мұнай құбырының әртараптандырылған желісіне ие.
Мұнайды қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына және экспортқа келесі бағыттар бойынша тасымалдайды:
"Өзен-Атырау-Самара" магистральды мұнай құбырының "Атырау-Самара" учаскесі;
"Қазақстан-Қытай Құбыры" ЖШС жүйесіне ауыстырып тиеу ("Атасу-Алашаңқай" мұнай құбыры);
Ақтау порты (мұнайды танкерлерге құю);
"Каспий Құбыр Консорциумы-Қ" АҚ жүйесіне ауыстырып тиеу;
"Шағыр" МҚП;
Т.Қасымов атындағы МАС теміржол цистерналарына мұнай құю.