Өңірлер

Алаяқтықтың жаңа түрі: Петропавл тұрғыны 4 млн теңгесінен айырылды

Құжатта банктің логотипі де болған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан – Sputnik. Петропавл қаласының тұрғыны мессенджер арқылы құжат жіберген алаяқтарға сеніп, 4 миллион теңгесінен айырылды, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
10 ақпан күні оған қоңырау шалған адам өзін "Халық банк" қызметкері ретінде таныстырған. Ол әйелдің атынан біреу 4 миллион теңге кредит рәсімдейін деп жатқанын және осы заңсыз операцияны шұғыл тоқтату қажеттігін айтқан.
"Әйел интернет-алаяқтық туралы білген. Бірақ қылмыскер WhatsApp мессенджері арқылы "кредиттің күшін жоятын келісімшарт" жібергеннен кейін сеніп қалды. PDF-сурет нағыз құжат сияқты көрінген, банктің логотипі де болды", - дейді полицейлер.
Осылайша, тұрғын 4 миллион теңгенің заңсыз кредитін тоқтатамын деп ойлаған. Бірақ, шын мәнінде, сол ақшаға кредитті өзі рәсімдеп, алаяққа жібере салған. Алаяқ айтқан "сақтандыру есепшоты" жалған болып шыққан.
Жәбірленуші "келісімшартты" тағы бір рет қарағанда өзінің аты-жөні жазылмағанын көрді. Сол кезде алаяққа алданғанын түсініп, полицияға хабар берген.
"Алаяқтардың мақсаты – адамдардың жеке құпия мәліметтерін сұрап алып, қаражатына қол жеткізу немесе олардың атына несие ресімдеу екенін білген жөн. Қандай жағдай болмасын, бөгде адамға құпия мәліметті, пин-кодты, sms-хабарламамен келетін бірреттік құпия сөзді айтпаңыздар", - дейді тәртіп сақшылары.
Телефон арқылы таныс емес тұлғалармен қаржы операцияларын жүргізуге болмайды. Қаражаттың қауіпсіздігіне алаңдаған жағдайда банк филиалына барған дұрыс. Ал "банктің қауіпсіздік қызметінен" қоңырау шалғандарға сенбеу керек.
Қоғам
Жоғалған куәлікті пайдаланған: жүздеген адамды қарызға батырған алаяқ ұсталды