НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан — Sputnik. Алматыда қару-жарақ дүкенін тонауға қатысушыларды ұстау бойынша екі арнайы операция өткізілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Үш күдікті қамауға алынды. Ұрланған қарудың бір бөлігі "Достық" шағын ауданындағы үйлердің бірінен, ал екіншісі Алматы облысы, Қарасай ауданы аумағындағы Жамбыл елді мекеніндегі үйлердің бірінен табылып, тәркіленді.
"Екі күдікті 25 жаста, біреуі 27-де. 5 қаңтарға қараған түні олар "Камерад" аңшылық дүкенін тонап кеткен. Қаскөйлер ұрланған заттарды үйдің жертөлесіне тығып, үстіне құм басып кеткен. Әртүрлі маркадағы төрт тегіс ұңғылы мылтық, автомат, 720 патрон, бес аңшы пышағы, арбалет, оптикалық көздеуіш және оқ-дәрі тәркіленді және қылмыстық іс материалдарына тіркелді", – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Оның айтуынша, күдіктілер кінәсін мойындап, дүкенге қалай кіргенін айтып берген.
Тергеушілер "үштіктің" осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
Қылмыстық іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің 291-бабы 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ұрлау) бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.