НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан – Sputnik. Ресей АҚШ және НАТО-мен тең әрі бөлінбейтін қауіпсіздік жөніндегі диалогта дипломатияның барлық түрін қолданып жатыр. Келіссөз бен кездесулер нәтиже бермесе, Ресей гипердыбысты және ядролық зымырандарды қолданатынын соңғы күндері өткен маневрлер арқылы аңғартты. Бұл туралы ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко жазды.
18 ақпанда белорус көшбасшысы Александр Лукашенкомен келіссөзден кейін РФ Президенті Владимир Путин мынандай мәлімдеме жасады: "Біз өзіміз дұрыс деп санаған іс-қимылды жасап жатырмыз және осылай жалғаса береді. Бізде орыс халқының және Ресейдің ұлттық мүддесіне сәйкес келетін нақты бағдарымыз бар".
"Бір күннен кейін Жерорта теңізінен Заполярьеге дейін және Балтық теңізінен Охот теңізіне дейінгі кең географиялық аймақта Ресей Федерациясының Әскери-теңіз флоты мен стратегиялық ядролық күштерінің жоспарланған оқу-жаттығуы аясына біріктірілген қанатты, гипер дыбыстық және баллистикалық зымырандардан оқ атылды. Мәскеу Вашингтон немесе Брюссель Ресей шекарасына жақын аймақтардың бірінде соғыс іс-қимылын бастаса туындауы ықтимал жаһандық әскери қақтығысқа дайын екенін ашық көрсетті", - деп жазды әскери шолушы.
Ресей мен АҚШ-тың қауіпсіздік саласындағы күш-қуаты бірдей. Сондықтан Америка президенті Джо Байденнің Мәскеу ядролық қаруды қолданатынына сенбеуі дұрыс емес. Қазірді Мәскеумен салыстырғанда, 1945 жылы Нагасакиге, 1999 жылы Белградқа, 2011 жылы Триполиге ядролық қару қолданудың бұлжымас себебі мен халықаралық құқығы Вашингтонда жоққа жуық еді. Ал қазір Ресей шекарасына тым жақын аумақта Пентагон мен НАТО-ның соққы жасаушы әскери техникасы орналастырылуы қауіпті қаруды қолдануға себеп бола алады.
19 ақпанда РФ Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Владимир Путиннің жетекшілігімен Ресейдің стратегиялық ядролық тежеу күштерінің оқу-жаттығуы өтті. Одақтас Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко да Кремльдің жағдай орталығынан маневрлердің барысын бақылады. Маневр кезіде ұшырылған гипердыбысты, қанатты және баллистикалық зымырандардың барлығы межелі нысандарына дәл тиді.
Сарапшының мақаласында жазылғандай, Астрахань облысында "Искандер" жедел-тактикалық зымыран кешені барлық міндетті сәтті орындап шықты. Қара теңіздегі "Грайворон" зымыран кемесі мен Солтүстік флоттың суасты қайықтарынан қанатты "Калибрлер"ұшырылды.
Миг-31К жойғыш ұшақтары Х-47М2 "Кинжал" гипердыбысты зымырандарымен соққы жасады. "Адмирал Горшков" фрегатының бортынан гипердыбысты "Циркондар" іске қосылды. Сонымен қатар бұл оқу-жаттығуларға Ту-95МС зымыран тасымалдағыштары, "Карелия" стратегиялық мақсаттағы атомды зымыранды суасты крейсері, "Ярс" құрлықаралық зымыраны жұмылдырылды. Ауқымды маневрлерге стратегиялық мақсаттағы зымыран әскері, Оңтүстік әскери округі, Солтүстік және Қара теңіз флоттарының күштері, Ресей әскери-ғарыш күштерінің ұшақтары қатысты. Әртүрлі қашықтыққа ұшатын және қуаты да алуан түрлі зымыран жүйелерді қолдану агрессивті блокты тактикалық қарумен, гипердыбысты және қанатты зымырандармен бейбітшілікке мәжбүрлеу мүмкін болмаған кездегі әскери іс-қимылды қамтып отыр.
Мұндай жағдайда Ресейдің ядролық триадасы – стратегиялық мақсаттағы зымыран әскері, әскери-теңіз флоты және әскери-ғарыш күштері қосылады. Америкалық ғалымдар федерациясының мәліметі бойынша, Ресейде 6372 ядролық заряд бар және оның 1570-тен астамы жауынгерлік әзірліктегі тасымалдағыштарға орналастырылса, қалғаны резервте тұр. Александр Хроленко бүтіндей бір құрлықты толығымен жою үшін ресейлік ядролық арсеналдың оннан бір бөлігі де жеткілікті болатынын атап өтті.
АҚШ басқаруында 5 800 ядролық оқтұмсық бар болса, оның 1600-ге жуығы тиісінше орналастырылған. Бірақ америкалық қарудың тозығы жеткен, зымыран тасымалдағыштардан ақау анықталып жатыр. Бір жағынан, америкалықтарда Ресей мен ҰҚШҰ әскерінің Канада мен Мексика аумағынан басып кіруі қаупі жоқ. Пентагонның шамадан тыс көлемді бюджеті әскери қақтығыстағы жеңіске кепілдік бола алмайды.
"Ресеймен соғыс АҚШ пен НАТО үшін үлкен сәтсіздік болар еді. Одан да Еуропа мен Азияны жайына қалдыру, яғни Пентагон әскерін Солтүстік Америка казармаларына қайтару әлдеқайда тиімді әрекет болады. Қытай халық республикасының сыртқы істер министрлігі АҚШ-тан украин мәселесіне Ресейдің алаңдап отырғанын есепке алуды сұрады. Себебі мұның барлығы Тайвань проблемасы қайта ушығуына себеп болуы мүмкін", - деп жазды әскери шолушы.
Еуроодақ дипломатия басшысы Жозеп Боррель Мюнхен конференциясында Ресей мен Қытай әлемдегі тәртіпті қайта қарауға құлшынып отырғанына қатысты өз алаңдаушылығын ашық айтты. Негізінде, бұл қос мемлекет әлемде тең қауіпсіздікті қалыптастыру үшін дипломатия мен әскери-техникалық құралдарды зиянсыз қолданып жатыр.
Парсы шығанағындағы соғыс ардагері, АҚШ армиясының полковнигі Дуглас Макгрегор Fox News эфирінде "президент Байден Ресей мүддесінің еш салмағы жоқ секілді әрекет етіп отыр. Алайда Ресей Шығыс Еуропада АҚШ-тың ықпалы жоқ екеніне көзімізді жеткізді. Бүкіл әлемде Ресейге қарсы санкцияларды жаппай қолдағандар болған жоқ. Керісінше, адамдардың көбі Украинаны Ресейдің ұлттық қауіпсіздігінің мәселесі екенімен келісіп отыр" деген пікір айтты.
АҚШ-тың Украинаға қатысты жоспарын Еуропа да мақұлдап отырған жоқ. Біраз бұрын Германия канцлері Олаф Шольц былай деді: "Мызғымас қауіпсіздікке Ресейге қарсы емес, Ресеймен бірге қол жеткізе алатынымызды еуропалықтар түсініп отыр". Сондықтан, бүкіл әлемдегі тәртіп пен қауіпсіздікке көзқарас өзгеріп жатқаны байқалады, деп жазды Александр Хроленко.
Әскери шолушы Александр Хроленконың Telegram арнасы.