Қаңтар оқиғасы

Әкімдік ғимаратын қорғаған полицей: жанымдағы курсанттың аяғына граната түсті

Sputnik Қазақстан тілшісі қаңтар оқиғасы кезінде қаладағы маңызды нысандарды күзеткен тәртіп сақшыларымен әңгімелесті
Sputnik
АЛМАТЫ, 22 ақпан – Sputnik. Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қала бойынша күштік құрылымның мыңнан астам қызметкері зардап шекті. Арасында жарақат алып, бірнеше айдан бері жұмысқа жарамсыз болып қалған қызметкерлер бар. Енді бірі жарақатына қарамастан, бірден қызметіне оралған. Соның бірі – мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 2 полиция батальоны взвод командирінің көмекшісі Бекмырза Мұхаметов.
4 қаңтарда кешке басқарма қызметкерлері дабыл бойынша жиналған. Оларға алаңға жиналған адам қарасы қалыңдай түскендіктен, ғимаратты қорғау керектігі айтылған. Олар қызметтік автобус ішінде бірнеше сағат бойы бұйрық күткен. Полиция қызметкерлері оқсауыт киіп, қалқан мен резеңке таяқ алған. Істің бұлай аяқталарын білмеген полицейлер қала әкімдігі маңына қоғамдық тәртіп орнатуға барды.
Бекмырза Мұхаметовтің айтуынша, түнгі 12 шамасында алаңда адам көп болған, қалада мемлекеттік нөмірсіз жүрген көліктер көбейген. Ол жеке құраммен бірге әкімдік ғимаратына барған. Полиция формасындағыларды сол кезден бастап "қазақсыңдар ғой", "халыққа қарсы шықпаңдар" деп өз жағына тартуға тырысқандар болған. Осылайша полиция қызметкерлері төртінші қаңтарда түнде әкімдік ғимаратында түнеді.
Полиция қызметкерлері төртінші қаңтарда түнде әкімдік ғимаратында түнеді
"5 қаңтарда шамамен түскі уақытта немесе түстен кейін Тәуелсіздік монументі жанында адамдар жинала бастады. Бастапқыда алаңға келгендердің қолында ештеңе болған жоқ. Адамдар жиналып жатты. Желтоқсан, Назарбаев көшесі жақтан келді. Біраз уақыттан кейін монумент артындағы көшеде топтасқан адамдар кенеттен көбейді. Олардың қолында полиция қызметкерлерінің қалқаны, темір болды, кейбірі оқсауыт киіп алған. Көбінде ұруға арналған арматура мен темір болды. Мен әкімдік ғимаратының 2-қабатындағы терезеден жағдайды бақылап тұрдым", - дейді полиция аға сержанты Мұхаметов.
Айтуынша, полицияның қолында атыс қаруы болмаған. Себебі олар наразылыққа шыққан халықты сабырға шақыруға келген. Алайда жағдай ушығып, өздері жиналғандардың басты назарына іліккен.
"Адамдар 20 минутта жиналып кетті. Бір топ Назарбаев даңғылына қарай жүгірді, бір топ әкімдікке қарай жүрді. Біз ештеңе істемей, бұйрық күттік. Қолымызда көзді ашытатын дыбысты гранаталар болды. Оны лақтырмадық. Біздің алдымызда темір қоршау болды. Жиналғандар сол қоршауды да теуіп, сындырып, ғимаратқа жақындады. Бір топ адам әкімдік есігіне жеткен кезде бұйрық түсті", - деп баяндады Бекмырза.
Алайда олар бірден қолда бар гранатаны қолданбаған. Әкімдік ішінде өрт шыққан кезде қолданатын шланг алып, ғимаратқа жақындағандарға су шашқан.
"Су шаштық, бірақ оған қараған жоқ. Ғимаратқа жақындай берді. Содан кейін дыбысты граната лақтыру басталды. Лақтырған кезде 4-5 адам артқа шегінгендей көрінді. Біз граната лақтыруды тоқтаттық. Алайда артынша қалқанмен бір-бірден қорғанып, есікке жақындай бастады. Есікті бұзуға кірісті. Өзімізге граната лақтыра бастады. Әкімдік ішіне терезе арқылы граната келіп түсті", - дейді Бекмырза.
Бүлікшілер өзімізге граната лақтыра бастады. Әкімдік ішіне терезе арқылы граната келіп түсті, дейді полицей
Алайда көзден жас ағызатын гранатаның әсеріне қарамастан, полицейлер ғимаратты тастамаған. Бірақ есікті бұзып кіргендер күштік құрылым қызметкерлерін ұруға кіріскен. Жағдай ушыққан соң полицейлер әкімдік ғимаратының артына шыға бастады. Алайда ол жерде де бір топ адам күтіп тұрған.
"Олармен сөйлесу мүмкін болмады... көздері қызарып кеткен. Ішімдік не есірткі қабылдағанын нақты білмейміз, бірақ адаммен сөйлеспейді. Тек "формаңды шеш, халқыңа қарсы шықпа" деді. Барлығы бетперде тағып алған. Бізді қоршауға алып, соққыға жықты. Бізге қарай граната лақтырып жатқан кезде жанымда тұрған курсанттың аяқ жағына бір граната, екіншісі артына түсті. Ал оның артында мен тұрдым. Граната арқасына қысылып қалған. Оны түсіре алмай жатырмыз, гранатадан газ түтін шығып жатты. Бір уақытта ол жарылды. Жарылған кезде көзім қарауытып, есімнен танып қалдым. Оянсам, әкімдік қоршауының сыртында жатыр екенмін. Етбетіммен жатырмын. Мұрнымнан қан кеткен. Артымда әскери қызметшілер, курсанттар газдан уланып жатыр. Оларды бір-бірінің үстіне үйіп, ұрып жатыр. Басымды көтергенім сол еді, қайтадан ұра бастады", - деп еске алды Бекмырза.
Жиналғандардың арасында көмек көрсетуге тырысқандар да болған, алайда олардың көбі полицияны нысана еткендіктен, он шақты адамның соққысына шыдауға тура келді. Өмір мен өлім арасындағы арпалыс мұнымен бітпеді. Полицейдің жанында жарылған граната әсерінен екі құлағы бірден естімей қалған. Мең-зең күйде тұрғанында арқасынан келіп, темірмен ұрған.
"Есімді жиғанымда форма мен погоным жоқ, жейдемен жатыр екенмін. Шалбарым да жыртылған. Есімді жиып президент резиденциясына бардым. Жан-жағыма қарасам, бәрін соққыға жығып жатыр. Барынша қызметкерлерді тартып, курсанттарды алып, резиденция жаққа бардық. Назарбаев қоры ғимаратында жұмыс істейтін қызметкерлер жертөлеге алып барды. Ол жерде жарты сағаттай отырдық. Содан кейін ол жерге де шабуыл басталды. Ғимараттың әйнектерінен оқ өтпейді, сындыру да мүмкін емес. Бізде ғимараттан шығудың жалғыз жолы – есікке қарай бару. Сол сәтте бір-бірімізді тастамаймыз деп келістік", - деп айтып берді сол күні не болғанын Бекмырза.
Полицей бүлікшілер туралы: олармен сөйлесу мүмкін болмады, көздері қызарып кеткен...
Бірнеше қызметкер қосалқы есікті тауып, сыртқа шыққан.
"Өзіміздің қызметкерлер жеке көлігімен күтіп алып, бізді алып кетті. Телефонымды қуаттап, қостым. Қосылған кезде әріптесім Мәди Ахатов хабарласып жатыр екен. Мені алып кетуін сұрадым. Мәди айтылған жерде күтіп алды, ол да жарақат алыпты. Басындағы жарақатын тігіп, орап тастаған екен. Мәди үйге апарды. Анам мен жұбайым жылап күтіп тұр екен, оларды көрген соң есімнен танып қалдым. Көзімді ашсам, төсекте жатырмын. Артынан 4 қалалық ауруханаға апарып, толық тексеруден өткізді", - дейді ол.

Әріптестерін іздеген Мәди

Мәди Ахатов та әкімдік ғимаратын қорғауға қатысқан. Бекмырза секілді алдымен әкімдік ғимаратының ішінде болып, кейін амалсыздан ғимарат артына шыққан. Ол жерде бір топ адамның соққысының астында қалды.
"Артқы аулада бізді жан-жағымыздан қоршап алды. Олар қақпаны бұзып, алдымен граната, содан кейін жердегі тас төсемдерін бізге қарай лақтырды. Қолдарында темір, арматура бар еді. Бізден формамызды шешуді талап етті. Айтқанын орындамаған соң, ұра бастады. Өте агрессивті болды", - дейді Мәди.
"Артқы аулада бізді жан-жағымыздан қоршап алды"
Сол сәтте кей полицей мен курсанттар граната газынан есінен танып қалған.
"Біраз уақыттан кейін Назарбаев даңғылына қарай бет алдым. Сол жерде басымнан темірмен ұрды, артынша 10-15 минутқа есімнен танып қалдым", - дейді Мәди Ахатов.
Назарбаев даңғылында оны батальон қызметкерлері көрген, олар қызметтік формасын ауыстырып алған екен. Сол жерден басқармаға жеткізген. Мұнда оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем шақырылды.
Жедел жәрдем Мәдиді 4 -ші ауруханаға жеткізді, онда рентген түсіріп, жарасын тігіп, басын таңып берді. Ауруханада медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, формасын қарапайым киімге ауыстырып, әріптестерін іздеуге әкімдікке қарай бет алған. Содан кейін ауруханаларды аралап шықты.
Мәди Ахатов жарақатына қарамастан 6 қаңтарда жұмысқа шықты
"Байланыс болмай, бір-бірімізге хабарласа алмадық. Әріптестерімді іздеп жүргенде болып жатқан жайтты көріп, кей қызметкер қаза тапты деп ойладық", - дейді ол.
Мәди Ахатов жарақатына қарамастан 6 қаңтарда жұмысқа шықты. Қазір Бекмырза Мұхаметовтың денсаулығы да жақсарып, қатарға қосылды.

Алматыдағы тәртіпсіздік

Қазақстанда қайғылы оқиғалар 2022 жылдың қаңтарының басында болды. Мұның бәрі сұйылтылған газ бағасының екі есе өсуіне қарсы жаппай наразылықтардан басталды. Кейін 11 ірі қалада тәртіпсіздікке ұласты.
Бас прокуратура мен денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаппай тәртіпсіздік салдарынан 227 адам қаза тапты. Алматыда бүлік кезінде күш құрылымдарының 1 097 қызметкері зардап шекті. Қалада 7 қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалған. Ол жерден 1 347 қару ұрланды.
Оқиға
Алматы орталығында қару-жарақ сақталған орын табылды