НҰР-СҰЛТАН, 21 ақпан – Sputnik. Қазақстанда халықтың коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитеті 53 процентке жетті. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 10 миллионнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын алды.
"Вакциналауға жататын ересек адамдардың саны 82 процент. Ал халық санына қарай есептейтін болсақ, ұжымдық иммунитет 53 проценттен асты", – деді Есмағамбетова шектеу шараларын жеңілдетуге арналған онлайн-лекторий кезінде.
Осы орайда бас санитарлық дәрігер ревакцинацияның маңыздылығын да ерекше атап өтті. Соның арқасында ұжымдық иммунитетті тиісті деңгейге көтеріп қана қоймай, оны ұстап тұруға болады.
Айта кетері, Қазақстандағы ревакцинация былтыр қараша айында басталған болатын. Осы уақытқа дейін 2 миллион 400 мың адам немесе вакциналауға жататын халықтың 52 проценті қайта екпе салдырды.
Бұрынғы екпенің күші әлсіреген сайын ревакцинация жасауға тиіс адамдар саны артады.
Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жылдың аяғына дейін ұжымдық иммунитетті 40 процентке дейін жеткізу керектігін мәлімдеген. Ал келесі жылдың ортасына дейін халықтың 70 процентінде иммунитет болуы қажет.