НҰР-СҰЛТАН, 21 ақпан – Sputnik. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Дәурен Қозыбақов "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу шарасы аясында азаматтардан қанша қару тәркіленгенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қару мен оқ-дәріні заңсыз сақтағаны және өзімен бірге алып жүргені үшін 451 адам ұсталды. 774 бірлік атыс қаруы, 7 737 дана арнайы құрал мен оқ-дәрі тәркіленді", - деді Қозыбақов ішкі істер министрлігінде өткен брифингте.
Мысалы, Алматы қаласында 1982 жылғы азамат жүргізген "Toyota Land Cruiser Prado" көлігі тоқтатылды. Салонда отырған 1976 жылғы жолаушыдан "МР-79-9ТМ" травматикалық тапанша, 1 оқжатар және 9 мм калибрлі 8 оқ табылды. Тапанша жауынгерлік оқтармен ату үшін қайта жасалған.
Сондай-ақ Алматыда 1996 жылғы азамат қолға түсті. Ол сарайына 3 иір ойықты және 10 тегіс ұңғылы қару, пневматикалық винтовка мен тапанша, бұдан бөлек 5 резеңке таяқ, ағаш бита, радиостанция, сапер күрегі мен қару-жарақ дүкенінен ұрланған түрлі калибрлі мыңнан астам оқ-дәрі жасырған.
Айта кетері, полиция қызметкерлері барлық өңірде "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу шарасын өткізіп жатыр.