НҰР-СҰЛТАН, 21 ақпан – Sputnik. Екібастұзда маугли-балалар оқиғасына қатысты қызметтік тексеру аяқталды. Төрт бала бірнеше күн бойы нәр татпай, ұзақ уақыт жүрмей қалған. Дәрігерлер оларды шұғыл түрде ауруханаға жатқызды.
Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл оқиға қоғамду шу тудырғаннан кейін бірнеше шенеунік пен жауапты тұлғаға тәртіптік жаза қолданылды.
Тексеріс нәтижесі бойынша Екібастұз полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлім басшысының орынбасары Кожелдақов қызметінен босатылса, білім бөлімінің басшысы Майдысаров өзі өтініш берген.
Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Мәліковаға, Ақсу қаласы ауруханасының дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибе дәрігері бөлімінің меңгерушісі Нұралдиноваға және Екібастұз қаласы жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полицейі Кишевке қатаң сөгіс жарияланды.
Екібастұз қаласының білім бөлімінің бас маманы Байғұрманова, Ақсу қаласы ауруханасының директоры Мұқашев, "Дисконт" өндірістік кооперативінің учаскелік дәрігері Әлханова, "Жеңілдік" өндірістік кооперативінің учаскелік медбикелері Сманқұлова мен Жұмалиденова сөгіс алды.
Екібастұздағы №2 емхананың учаскелік дәрігері Аждарова мен учаскелік медбике Ботагөзоваға ескерту берілді.
Екібастұз полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшысы Құдайбергеновке қызметтік міндеттерін мүлтіксіз сақтау туралы ескертілді және Екібастұз қаласы полиция басшысының міндетін атқарушы Шекерғалиевке қарауындағы қызметкерлердің жұмысындағы олқылықтар туралы нұсқау берілді.
Жұмыс тобы тексеру қорытындысы бойынша білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау басқармалары және полиция департаментіне бірқатар ұсыныстар жолдады.
"Облыстық жұмыс тобының құрамына бейіндік басқарма өкілдері мен басқа да сарапшылар кірді", - деп жазылған облыстық әкімдіктің баспасөз релизінде.
Sputnik Қазақстан бұған дейін хабарлағандай, Екібастұзда волонтерлер, полиция қызметкерлері мен қамқоршылық органдары аш қалған төрт баланы анықтады. Берекесіз отбасы туралы полицияға көршілері хабарлаған.
Мекенжайға келген тиісті орган өкілдері 7, 5, 4 және 3 жасар науқас балаларды көреді. Олардың бірінің іші үлкейіп кетсе, бірі екі күннен бері құсып жатқаны белгілі болды. Үйде тамақ болмауына байланысты балалар үш күннен бері нәр татпаған. Тіпті балалардың бәрі киімсіз болған.