Оқиға

Ақтөбе облысында төбет 9 жасар баланы талап тастай жаздады

Иттің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 ақпан – Sputnik. Ақтөбе облысында бауы шешіліп кеткен неміс овчаркасы балаға тап берді, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ресми мәліметке сәйкес, бұл оқиға Құрайлы елді мекенінде болған.
Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұловтың айтуынша, иттің иесі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) бойынша жауапқа тартылды. Осы бапқа сәйкес, 10 АЕК-ке (30 630 теңге) дейін айыппұл қарастырылған.
"Ақтөбе қаласының жанында Құрайлы деген ауыл бар. Сонда 9 жасар баланы көршісінің иті тістеген. Учаскелік инспекторлар иттің иесін әкімшілік жауапқа тартты", - деді Сарқұлов.
Өңірлер
"Аяғын жұлып алды": ит талап өлтірген қыздың анасы көзбен көргенін айтып берді
Айтуынша, бұған дейін қалаға жақын Құрашасай мен Қызылжар елді мекендерінде 50-ге жуық иттің иесі жауапқа тартылған.
Бүгін Құрайлы ауылының аулаларын аралау, қаңғыбас және қараусыз жүрген иттерді анықтау шаралары басталды.