АЛМАТЫ, 17 ақпан – Sputnik. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс съезін өткізу кезінде төралқа төрағасының міндетін Қазақстан кәсіпкерлері форумының төрағасы Райымбек Баталов атқарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Төралқа төрағасы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезінде сайланады", - делінген ұлттық палата таратқан ақпаратта.
Съезд 18 ақпанда өтеді. Жиында ұлттық палатаны басқару органдарының кей мәселесі, ұлттық палата қызметін реформалау, кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері қаралады.
Айта кетері, 17 қаңтарда танымал бизнесмен, Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығынан кететінін мәлімдеді.
"Бүгіннен бастап мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының сайланған төрағасы өкілеттігін доғаруды ұйғардым. Съезд делегаттары мен төралқа мүшелеріне маған сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын сегіз жыл бойы басқару мен үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік болды", -деді Құлыбаев.
Райымбек Баталов – Raimbek Agro, "Раимбек-Алко", "Раимбек групп плюс", City Fair Trade ltd, Raimbek-Grain&Co, Raimbek ILM компаниялары кіретін Raimbek Group холдингінің иесі және директорлар кеңесінің төрағасы.
Сондай-ақ "Атамекен" ҰКП төралқасының шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы, "Қазақстан кәсіпкерлері форумы" қауымдастығы кеңесінің төрағасы, ҚР су асты спорты федерациясының төрағасы, Enactus Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы, "Алматы қаласын дамыту орталығы" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.
Баталов Forbes ақпараты бойынша Қазақстанның ең ауқатты бизнесмендерінің қатарында.