Қоғам

"Надандықтың көрінісі деп санаймыз": "Атамекен" палатасы депутатқа жауап берді

© Photo : РixabayРучка, бумага. Иллюстративное фото
Ручка, бумага. Иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.01.2022
Жазылу
Палата қиын-қыстау күндері кәсіпкерлермен және халықпен жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары дұрыс бағаланбай отырғанын мәлімдеді
НҰР-СҰЛТАН, 19 қаңтар – Sputnik. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы депутат Ерлік Өмірғалидің сынына жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мәжілістің бүгінгі отырысында Өмірғали "Атамекенді" сынайтындардың көбейіп кеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, кәсіпкерлер палатасы нақты көмек көрсетудің орнына шығынның стастистикасын жинап отыр. Сөйтіп "кәсіпкерлік басқармалар мен құқық қорғау органдары атқарып жатқан жұмыспен айналысып келеді".
"Атамекен" палатасы өзінің ресми сайтында осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстың есебін жариялады. Оған сәйкес, палата интернеттің пайда болуы, төтенше жағдайдың аяқталуы және басқа да жағдайларды күтпей, бірден бизнеске тәулік бойы шұғыл көмек көрсетуге кіріскен.
"Осылайша 6 қаңтардан бастап палата бизнеспен жедел байланыс желісін ұйымдастырды. Оның көмегімен кәсіпкерлер ғана емес, қарапайым азаматтар да төтенше жағдай режиміндегі жағдай мен одан әрі іс-қимыл алгоритмі туралы ақпарат алып отырды, сондай-ақ келтірілген залал туралы мәлімет ұсынды", - делінген ресми ақпаратта.
Бұдан бөлек, 6-19 қаңтар аралығында "Атамекеннің" сall-орталығына  9 мыңға жуық қоңырау түскен. Соның 3,2 мыңнан астамы бизнеске залал келтіру мәселелеріне қатысты. Сондай-ақ қарапайым азаматтардан 2,3 мың қоңырау қабылданды.
"Осындай қиын-қыстау күндері кәсіпкерлермен және халықпен жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын дұрыс бағаламауды надандықтың көрінісі деп санаймыз", - дейді палата өкілдері.
Осы орайда мамандар "Атамекен" палатасы, кәсіпкерлік басқармалар мен құқық қорғау органдары жинайтын залал статистикасының айырмашылығын түсіндірді. Палатаның есебінде тәртіпсіздіктерден зардап шеккен барлық өңірдегі бизнес туралы толық ақпарат жинақталған.
"Бұл ақпарат залал мен оның сипатын, зардап шеккен субъектілер мен объектілердің санын бағалауға, келтірілген залалды дәлелдеуде қиындықтар туындайтынын, кредиторлар алдындағы мерзімін ұзарту тәуекелін және зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсету жөніндегі жұмысты іске асыруды қамтамасыз ететін басқа да факторларды бағалауға мүмкіндік берді", - делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ бизнеске келтірілген залалды өтеу жөніндегі қағидалардың жобасы әзірленді. Қазір оны үкімет қарап жатыр. Бұл ережелер кәсіпкерлерге залалдың үш санаты бойынша жедел тәртіпте өтемақы алуға мүмкіндік береді. Ал InfoKazakhstan.kz платформасы арқылы залалды өтеу туралы өтініштерді орталықтандырып қабылдау жұмысы ұйымдастырылды.
"Атамекен" ҰКП зардап шеккен бизнесті қолдау бойынша жедел және жүйелі шараларға арналған бірсыпыра ұсынысты ұлттық экономика министрлігіне жолдады. Ұсыныстардың толық тізімін мына жерден көруге болады.
Жаңалықтар
0