Қоғам

Тоқаев әділет министрін қабылдады

Биыл елімізде 26 заң жобасы әзірленеді
Sputnik
АЛМАТЫ, 17 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділет министрі Қанат Мусинді қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президентке министрліктің былтырғы атқарған жұмысының нәтижесі мен 2022 жылы мән берілетін басым бағыттар жөнінде баяндалды. Биыл 26 заң жобасы әзірленіп, парламент қарауына енгізіледі деп жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекет мүддесінің қазақстандық және халықаралық соттарда қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде мәлімет берілді.

"Қазір министрлік 25 іс бойынша мемлекет мүддесін қорғау жұмыстарын жалғастыруда. Атап айтқанда, олардың 14-і халықаралық арбитраждардың, бесеуі шетелдік соттардың қарауында жатыр. Алты іс сотқа дейінгі өндірісте", - деп мәлімдеді Мусин.

Сонымен қатар Қанат Мусин сот актілерінің орындалуына қатысты жағдай мен халыққа заңгер көмегінің көрсетілуі жөнінде есеп берді.
Әділет министрінің айтуынша, 122 мыңнан астам азамат кепілдендірілген заң көмегін алған. Осы мақсатта 1,8 миллиард теңге бөлінген. Әлеуметтік жағдайы төмен 11 мыңнан астам адам заңгер көмегін тегін алды.
Президент әділет министрлігінің 2022 жылға арналған жоспарымен танысқаннан кейін әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілердің сапалы орындалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған заңгерлік қызмет көрсету ісіне ерекше назар аударуды тапсырды.