АЛМАТЫ, 17 ақпан – Sputnik. Қазақстандық полицейлер боран кезінде жүргізушілер мен жолаушылардың адасып кетпеуіне көмектесті. Көмек көрсетілген көлік саны жүзге жуықтайды.
Жүргізушілер Павлодар облысы полициясының қызметкерлеріне көмек көрсеткені үшін алғыс айтты. Ресейдің Омбы қаласының тұрғыны Данияр Сағындықов 15 ақпанда Төртқұдық ауылының маңында Павлодар – Нұр-Сұлтан автожолында қатты бұрқасын болып, жүздеген автокөлік қозғалыссыз қалғанын жеткізді. Жолда қалған көліктердің арасында жүк көліктері де, жеңіл көліктер де болды, деп хабарлады Polisia.kz.
"Боран салдарынан жол көрінбеді. Қолсозым жерде не болып жатқанын көру мүмкін емес еді. Бір уақытта бәрі қозғалмай, бір орында тұрды. Себебі әрі қарай қозғалу мүмкін болмады", - дейді Сағындықов.
Вячеслав есімді жүргізушінің айтуынша, осы уақытта жолда патрульдік полиция қызметкерлері Қуандық Рахметов пен Біржан Нәжімов болған. Олар жүргізушілерді күрекпен қар тазалап, батып қалған бес көлікті шығаруға көмектесті.
"Бір полицей барлық көліктің алдына шықты, екінші полицей жарық қосты. Дәл осылай жол ашылғанша жүріп отырдық. Олар қар құрсауында қалған автокөліктерге көмектесіп, жол көрсетті", - дейді Вячеслав.
Полиция көліктердің алдына шығып, жаяу жүрген полицей Қуандық Рахметов екенін айтты. Ол әріптесімен бірге көліктер легін ертіп, жүргізушілерге Шідерті ауылына дейін жол көрсетті.