Өңірлер

Алматыда оқушы қызға қол жүгірткен қарт адам ұсталды

Күдікті Алматы қаласының 62 жастағы тұрғыны болып шықты
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik. Алматы қалалық полиция департаменті 62 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғады. Ол мас күйде 14 жастағы мектеп оқушысына тиіскені үшін айыпталып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мектеп оқушысы сол күні түске дейін ағылшын тілі курсына барған. Ол автобус аялдамасынан жекеменшік сектордағы үйіне дейін 300-400 метрдей жүруі керек. 20-25 метр қалғанда 14 жастағы қыз тайып құлаған. Сол кезде көліктердің бірі тоқтап, рөлде отырған егде жастағы ер адам үйіне дейін жеткізіп тастайтынын айтқан. Ал көлігіне отырғызып алғаннан кейін қызға қол жүгіртіп, тиісе бастаған. Бірақ мектеп оқушысы есікті ашып, қашып кеткен. Сол кезде сыртта жүрген анасы көлік нөмірі мен оның иесін фотоға түсіріп үлгерген. Дереу полицияға арыз жазған.
Қарасай аудандық полиция басқармасы 15 ақпанда шағым түскенін растады. Бірнеше сағаттың ішінде күдікті ұсталды. Ол Алматы қаласының 62 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 124-бабы (Жас балаларға азғындық әрекеттер жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
"Оған қоса, ер адам көлік рөліне мас күйде отырған. Осыған байланысты 15 тәулікке қамауға алынып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды", - дейді полицейлер.
Айта кетері, балаға азғындық әрекет жасағаны үшін жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.