НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан — Sputnik. Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы тағайындалды, деп хабарлады Ақорда.
"Мемлекет басшысының өкімімен Айтқұрман Жоламанұлы Омарбеков Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы лауазымына тағайындалды", - делінген өкім мәтінінде.
Айта кетері, Омарбеков 2022 жылдың 6 қаңтарында Қазақстанда жаппай тәртіпсіздік болған кезде қолбасшы міндетін атқарушы болып тағайындалған еді. Бұл қызметте ол Ардақ Әшімбекұлын алмастырды.
Мемлекеттік күзет қызметінің арнайы мақсаттағы күштері — Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету күштеріне жатады. Заңнамада белгіленген құзыреті шегінде президенттің, басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын, күзетілетін объектілерді күзету мен қорғауды жүзеге асырады.