Қаңтар оқиғасы

ІІМ тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккендер жайлы: мүгедек болып қалды

Қаңтар оқиғалары кезінде 3 мыңнан астам құқық қорғаушы мен әскери қызметші сан алуан жарақат алды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ауыр жарақат алған жүздеген полицей мен әскери қызметші әлі де ауруханада ем алып жатыр. Бұл туралы тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінде медициналық мекемелерде 273 тәртіп сақшысы мен әскери қызметші ем алып жатыр. Олардың барлығы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ауыр жарақат алған. Бір бөлігі әлі күнге дейін жансақтау бөлімінен шыққан жоқ. Өкінішке қарай, олар ары қарай жұмыс істей алмайды, мүгедек болып қалған", - деді Әділов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, қаңтар оқиғалары кезінде 3 мыңнан астам құқық қорғаушы мен әскери қызметші сан алуан жарақат алды.
Ал қарапайым халықтың ішінде 1726 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Олар да сан алуан жарақат алған:
673 адамда – оқ жарақаты;
469 адамда – пышақ және тағы басқа үшкір затпен жаншылған жарақат;
431 адамда – дене жарақаты.
Ауруханаға барған адамдардың басым бөлігі Алматы қаласында (686), Алматы облысында (336), Қызылорда облысында (164) және Жамбыл облысында (153) тіркелген.
"Сөз жоқ, олардың ішінде мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық тәртіпті бақылаған күш құрылымдары қызметкерлеріне шабуыл жасағандар да бар. Оны бейнежазбалар да растап отыр. Құқық қорғаушылар мен қызметкерлердің арасында пышақ және оқ жарақатын алғандар аз емес", - деп атап өтті Әділов.