НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан — Sputnik. Сейсенбі, 15 ақпанда Шымкенттің Қайнарбұлақ массивіндегі тұрғын үйде газ баллоны жарылды.
Жарылыс салдарынан үйдің қабырғасы құлап қалды. Оқыс оқиға кезінде үйде болған әйел мен оның баласы зардап шекті, деп хабарлады Otyrar телеарнасы.
Алты жасар баланың денесінің 15%-ін күйік шалған. Оның аяқтарына, бетіне және арқасына зақым келді. Баланы шұғыл түрде ауруханаға жатқызды. 1993 жылы туған әйелдің беті күйіп қалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдайға газ баллонындағы шланг ақауы себеп болған. Үйде тағы 50 литрлік төрт баллон болғаны анықталды. Алайда құтқарушылар өртке оранған үйден баллондарды дер кезінде далаға алып шыққан. Өрт сағат 16:59-да сөндірілді.