Экономика

Қазақстан даму банкінің басшысы тағайындалды

Жаңа басшыны "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев таныстырды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. Руслан Искаков Қазақстанның даму банкі басшысының лауазымына сайланды.
"Жалғыз акционер "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ шешімімен Руслан Викторович Искаков ағымдағы жылдың 16 ақпанынан бастап Қазақстанның даму банкі басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. Осы уақытқа дейін ол Холдингтің еншілес ұйымы – "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ басқарып келді", - делінген ҚДБ хабарламасында.
ҚДБ ұжымына жаңа басшыны "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев таныстырды.
Руслан Искаков бұған дейін еншілес "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ басқарып келген.
16 ақпаннан бастап бұл міндет Рауан Жақсыбаевқа жүктелді.

Тоқаевтың сыны

Айта кетері, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның даму банкін сынға алған болатын.
"ҚДБ белгілі бір адамдарға қызмет көрсететін жеке меншік банкке айналды. Олар қаржы-өндірістік және құрылыс топтарынын атынан шығып жатады. Біз әрбіреуінің аты-жөнін білеміз. Олар жоғары кабинеттерге емін-еркін кіре алатынын біледі. Осыны пайдаланып, өз жобаларын іске асыру үшін ерекше жеңілдіктерді алады. Дәл сол жобаларға мемлекеттің ресурстары да жұмсалады. Оны шағын және орта бизнеске салуға болатын еді", - деді Тоқаев мәжілістің жалпы отырысында.
Президент Қазақстанның даму банкінің қызметін қайта қарап шығуды тапсырды. Үкімет мемлекеттік қолдау шараларының тәртібін өзгертуге тиіс. Негізгі міндет – қыруар қаржының тиімділігі мен ашықтығы. Әсіресе, аймақтардағы шағын және орта бизнестің дамуына басымдық берілуі шарт.
Президент сынынан кейін Қазақстанның даму банкінің басқарма төрағасы Абай Сарқұлов қызметін кетті.

Руслан Искаковтың өмірбаяны

Руслан Викторович Искаков 1980 жылы туған. 2003 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін "экономист-менеджер" мамандығы бойынша тәмамдады.
2004 - 2006 жж. аралығында "Қазкоммерцбанк" АҚ тәуекел-менеджмент департаментінде қызмет етті.
2006 - 2008 жж. "Қазкоммерцбанк" АҚ тәуекел-менеджмент департаментінде жобалық тәуекелдер сараптамасы басқармасы басшысы қызметін атқарды.
2010 - 2011 жж. "Сбербанк Росии" АҚ ЕБ корпоративтік клиенттер департаменті директоры.
2011 - 2014 жж. "Сбербанк Росии" АҚ ЕБ ірі клиенттер департаменті басшысының орынбасары.
2014 - 2015 жж. "ҚазЭкспортГарант" сақтандыру компаниясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
2016 жылдың ақпан айынан бері "ҚазЭкспортГарант" сақтандыру компаниясы" АҚ директорлар кеңесі, басқарма төрағасы қызметін атқарды.