НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. Үш жігіт Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқанын мойындады. Ішкі істер министрлігі күдіктілердің видеосын жариялады.
22-24 жастағы ұсталған азаматтарға "Камерад" қару-жарақ дүкенін тонады дегеп айып тағылып отыр. Олардан бес тегіс ұңғылы қару тәркіленді.
Екі жігіт – Алматы облысының тұрғындары, тағы біреуі – Жамбыл облысында тұрады, бұрын сотталған.
Екі күдікті Алматы облысы Қарасай ауданы аумағында арнайы операция барысында ұсталды. Тағы бір фигурант Алматыда Достық даңғылындағы сауда үйінің алдында қолға түсті.
Ұсталғандар бірауыздан қару-жарақ дүкенін белгісіз біреулердің пәрменімен тонағанын мәлімдеп отыр.
"Бір кісі мылтықпен көлігіме отырып, Шаляпин мен Саин көшелеріне баруды бұйырды. Мен бардым. Тонағаннан кейін әлгі адам жоғалып кетті. Кім екенін, қайда кеткенін білмеймін", - деп мәлімдеді күдікті.
"Адам көп болды. Ұрланған қаруды тығып тастадым", - деді екінші күдікті.
Анықталғандай, ұсталғандар қалаға басқа өңірлерден келген. Алматыда тұрақты жұмыстары жоқ.