НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев кино саласындағы өзекті мәселені көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Кинематография саласында проблема көп. Мен бір ғана факт туралы айтайын. 30 жылдың ішінде "Қазақфильм" 600 кинокартина шығарды. Ал прокатқа 52 фильм, яғни 8 проценті ғана шықты. Қаншасы өзін-өзі ақтағанын айтпай-ақ қояйын. Оны айтсам, алқа мәжілісінен сол цифр ғана есте қалады. Сондықтан ол туралы айтқым келмейді. Алайда бұл – шындық. Біз осы проблеманы көтеріп, талдап, жағдайды түзетуіміз керек", - деді Абаев министрліктің алқа мәжілісінде.
Артынан журналистер министрден өзін-өзі ақтаған фильмдердің санын айтып беруді сұрады. Алайда Абаев оны кейінірек айтуға уәде етті.
"Жоқ, оны айтпай-ақ қояйын, кейінірек айтамын", - деді мәдениет және спорт министрі.
Айта кетері, бүгінгі алқа мәжілісінде "Қазақфильм" басшысы Ақан Сатаев киностудияның барлық проблемасын жайып салды. Оның айтуынша, әкімшілік-шығармашылық жұмыста ұрлық, тамыр-таныстық, кәсіби деңгейдің жоқтығы, бюрократизм, сондай-ақ, нарықтың нақты сұранысын ескермеу мәселесі бар. Соның салдарынан мемлекет қаржысы тиімсіз жұмсалады.
Киностудия басшысы фильм түсірілсе де, артынан "сөреде шаң басып жататынын" ашық айтты. Прокатқа шықпай жатады. Техникалық, тіпті авторлық құқыққа қатысты проблемалар кездесіп жатады.
Оқи отырыңыз: Ақан Сатаев министрге "ғаламдық проблеманы" жеткізді