Мәдениет

Ақан Сатаев министрге "ғаламдық проблеманы" жеткізді

© Sputnik / Владислав Воднев Ақан Сатаев
 Ақан Сатаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.02.2022
Жазылу
"Қазақфильм" белгісіз себептермен қалаға қосылып кеткен 5 гектар жерге қатысты бір жыл бойы ресми хат жазып келген
НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. "Қазақфильм" АҚ басшысы Ақан Сатаев киностудияның барлық проблемасын жайып салды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Студияның алтын мұрасымен бірге үлкен проблемасы да бар. Оны бәрі бірдей біле бермейді. "Қазақфильм" сыртынан жылы көрінеді, сиқырлы бір аурасы бар сияқты. Бірақ табалдырығын аттаған бойда матетериалдық-шаруашылық базасы қаншалықты ескіріп кеткенін байқайсыз", - деді Сатаев мәдениет және спорт министрлігінің алқа мәжілісінде.
Оның айтуынша, "Қазақфильм" студиясы салынғаннан бері инженерлік желілер ауыстырылмаған. Қабырғалар, құбырлар мен электр сымдары шіріп жатыр.
"Ал әкімшілік-шығармашылық жұмысқа үңілсеңіз, көңіл-күйіңіз одан бетер түседі. Ұрлық, тамыр-таныстық, кәсіби деңгейдің жоқтығы, бюрократизм, сосын нарықтың нақты сұранысын ескермеу мәселесі де бар. Соның салдарынан мемлекет қаржысы тиімсіз жұмсалады", - деп атап өтті Сатаев.
Киностудия басшысы фильм түсірілсе де, артынан "сөреде шаң басып жататынын" ашық айтты. Прокатқа шықпай жатады. Техникалық, тіпті авторлық құқыққа қатысты проблемалар бар.
"Мысалы, фильмде Beatles тобының әні бар. Сөйтсе, оның авторлық құқығы үшін ақша төлеу керек. Оны ешкім білмеген. Енді осының бәрін "тазалау" үшін біраз уақыт қажет. Өкінішке қарай, қазір түсіріліп жатқан фильмдердің шығармашылық және коммерциялық әлеуеті әлсіз. Бұл – менің жеке пікірім. Біз оларды түсіру жұмыстарын тоқтата алмадық. Енді аяқтауға мәжбүрміз", - дейді Сатаев.
Ол алқа мәжілісіне қатысқан мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа "ғаламдық проблеманы" айтып, оны шешу жағынан ықпал жасауды сұрады.
"Біз анау белгісіз себептермен қалаға қосылып кеткен 5 гектар жерге қатысты ресми хаттарды бір жыл бойы жазып келеміз. Бірақ нәтиже жоқ. Дәурен Әскербекұлы, осы мәселеге назар аударсаңыз деген өтініш бар. Себебі бұл кәдімгідей "ғаламдық проблемаға" айналды", - деді Сатаев.
Жаңалықтар
0