Қоғам

Қаңтар оқиғалары: вице-премьер "Аманат" комиссиясының өкілдерімен кездесті

Вице-премьер қаңтар оқиғаларын тергеумен айналысатын комиссияға қажетті көмек көрсетуді тапсырды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 ақпан – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қаңтар оқиғалары кезіндегі фактілерді тергеумен айналысатын "Аманат" тәуелсіз комиссиясының өкілдерімен кездесті.
Кездесу кезінде құқық қорғаушылар комиссия қызметінің бағыттары туралы әңгіме қозғады, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Комиссия өкілдері қаңтарда болған оқиғаларды тергеудің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастыруға қатысты бірқатар ұсыныс айтты.
Вице-премьер мемлекеттік органдарға қоғамдық комиссияның әрбір ұсынысын мұқият пысықтап, мәселелерді заңнамада белгіленген тәртіппен шешуді, сондай-ақ комиссия қызметіне қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Қаңтар оқиғасы
Президент қаңтар оқиғасы жайлы: мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайды
Айта кетері, "Аманат" қоғамдық комиссиясы қаңтарда болған оқиғаларға байланысты негізсіз қудаланған азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау үшін құрылды. Негізгі мақсаты – бейбіт шеруге қатысқаны үшін тергелген, бірақ қылмыстық ниеті болмаған, сондай-ақ қылмыстарға қатысы жоқ адамдарды қылмыстық қудалаудан босату.
Комиссия құрамына сегіз адам кірді, оның ішінде төрт кәсіби заңгер, бір мәжіліс депутаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бір мүшесі және Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінен бір-бір өкілден бар.