Өңірлер

Есіл өзенінде балық қырылып жатыр

Қазірдің өзінде 85 келі өлі балық жиналды, олардың неден қырылғаны зертханада белгілі болады
Sputnik
АЛМАТЫ, 14 ақпан – Sputnik. Есіл өзенінде балықтың жаппай қырылуына жол бермеу және тоқтату жұмыстары жүргізілді, деп хабарлады экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі.
"Мұз астында өлген балық жиналып, зертханаға жіберілді. Нәтижесі белгілі болғаннан кейін жарияланады. Болжам бойынша, балық мұз астында оттегінің жетіспеуінен қырылған болуы мүмкін", - делінген баспасөз хабарламасында.
Ақмола облысы Астрахан ауданы Новочеркасское ауылының маңында Есіл өзенінде 85 келіге жуық өлі балық жиналды.
Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақмола облысы аумақтық инспекциясының өкілдерімен бірлесіп сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қалған балық санитарлық нормаларды сақтап жойылды.
Қазір өзен суын мәжбүрлі аэрациялау үшін екі мотопомпа орнатылды. Бұл мұз астындағы суды оттегімен қамтамасыз етуге көмектеседі. Су қоймасының жай-күйі бақылауда.