НҰР-СҰЛТАН, 13 ақпан — Sputnik. Йеменнің оңтүстігінде Біріккен ұлттар ұйымының алты қызметкерін белгісіз содырлар ұрлап әкетті. БҰҰ өкілдері жергілікті құқық қорғау және күш құрылымдарымен бірлескен іс-қимыл арқылы өз қызметкерлерін іздестіріп жатыр.
БҰҰ миссиясының алты қызметкерін ұрлау Абьян провинциясында тіркелді, деп хабарлады РИА Новости Йемендегі БАҚ-қа сілтеме жасап.
"Жергілікті ақпарат көзіне сәйкес, Абьян провинциясында белгісіз содырлар БҰҰ-ның алты қызметкерін, атап айтқанда, бір болгар мен бес йеменді ұрлап әкетті", - деп хабарлады агенттік.
Агенттіктің ақпарат көзі ұсынған дерек бойынша, содырлар БҰҰ қызметкерлерін көлікке мінгізіп, белгісіз бағытта алып кеткен. Синьхуа агенттігі хабарлағандай, БҰҰ-ның Йемендегі гуманитарлық кеңес үйлестірушісі коммуникациясының аға кеңесшісі Рассел Гики БҰҰ қызметкерлерін жұмыстары аяқталғаннан кейін Аден қаласына қайтар жолда ұрлағанын мәлімдеді.
"БҰҰ өз қызметкерлерін босату мақсатында билікпен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр", - деді Гики.
Yemen Press Agency агенттігі өткен жылы "Халықаралық құтқару комитеті" үкіметтік емес ұйымы Йеменнің Абьян провинциясында өзінің гуманитарлық қызметін тоқтататыны туралы жариялаған соң, ұйымның екі машинасын белгісіз содырлар тонап-қиратқанын хабарлады.