НҰР-СҰЛТАН, 13 ақпан — Sputnik. Алматы полиция департаментінің қызметкерлері Наурызбай ауданының тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Бұл азаматтың сарайынан қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде "Камерад" қару-жарақ дүкенінен ұрланған заттар табылған. Тәркіленген әскери техника қатарында "Сайга" тегіс ұңғылы сегіз қару бар.
Полицейлердің хабарлауынша, ұсталған азамат қару-жарақ пен басқа да заттарды сарайдың арнайы жабдықталған құпия орнында сақтаған.
"Арнайы операция кезінде 1984 жылы туған К.есімді азамат ұсталды. Жедел іс-шара барысында анықталғандай, ол осы жылдың 5 қаңтарында “Камерад” қару-жарақ дүкенін тонауға қатысып, 12-ші калибрлі тегіс ұңғылы сегіз мылтықты иеленген. Күдікті бұл үйіндегі адамдарының көзінен тасада ұстап, сарайда жасырған. Барлық қару тәркіленді және оларға тиісті сараптама тағайындалды", – деді Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Әбілбеков.
Қазіргі уақытта күдікті өз кінәсін мойындады және уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлады polisia.kz.
Алматы полициясы заңсыз сақтауда тұрған, соның ішінде 2022 жылдың қаңтарындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған атыс қаруын өз еркімен тапсырған азаматтар ауыр қылмыс жасауға қатыспаған болса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын еске салды.