НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда жүріп бара жатқан автокөліктің капотына мініп, трюк жасаған жігіттер ұсталды.
Полицейлер жол ережесін өрескел бұзған жігіттерді әлеуметтік желіде жарияланған бейнеролик арқылы тапқан, деп хабарлайды қалалық полиция департаменті.
Бұзақылар полицияға жеткізілді. Олар 18-19 жастағы бозбалалар.
Hyundai Tucson автокөлігінің жүргізушісі Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 593-бабы 1-тармағы "Жолаушылар мен жүктердi тасымалдау қағидаларын сақтамау" бойынша жауапкершілікке тартылды.
Ал "капоттағы жолаушыға" қатысты ӘҚБК 434-бабы "Ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен оған 10 АЕК (30 630 теңге – Sputnik) айыппұл салынды.
Елорда полициясы жүргізушілерді қоғамдық тәртіпті бұзбауға, жол ережесін қатаң сақтап, басқа көліктердің қозғалысына кедергі келтірмеуге шақырды.