Экономика

Ақша айырбастау пунктерін терроризмді қаржыландыру үшін пайдалануы мүмкін – агенттік

Ірі сомадағы қолма-қол ақша көп жағдайда оның қылмыстық жолмен алынғанын білдіреді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Қазақстанда айырбастау пунктері терроризмді қаржыландыру үшін пайдаланылуы мүмкін, деп мәлімдеді Қаржы мониторингі агенттігі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 500 мың теңгеден асатын сомаға валюта айырбастаған кезде айырбастау пунктері клиенттің жеке куәлігі мен тұратын мекенжайын талап етуге тиіс. Егер операция сомасы 500 мың теңгеге дейін болса, клиент тек жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады.
Ведомство мәліметінше, мұндай талап қылмыстық кірісті заңдастыруға жол бермеу мақсатында қойылып отыр.

"Алайда Қазақстанда қазір жағдай басқаша. Айырбастау пунктерінің бәрі бұл ережелерді сақтай бермейді, яғни өз клиентін сәйкестендірмейді", - деп мәлімдеді агенттік.

Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң айырбастау пунктерін клиенттерді сәйкестендіріп қана қоймай, ішкі бақылау қағидаларын әзірлеуге және бекітуге, терроризммен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізімін қадағалауға, сондай-ақ күмәнді операциялар туралы Қаржы мониторингі агенттігіне хабарлауға міндеттейді.
Экономика
Қазақстандықтар айырбастау операциялары кезінде цифрлық құжаттарды қолдана алады
Күмәнді операцияларға ірі сомадағы қолма-қол ақшаны тұрақты айырбастау, үшінші тұлғалардың қатысуымен валюта айырбастау, сырт келбеті күдік тудыратын адамдардың, терроризмді қаржыландыру тәуекелі жоғары елдерден келген шетелдіктердің валюта айырбастауы жатады.
Бірақ, агенттіктің ақпаратынша, Қазақстанда қаржы операциялары туралы деректерді жинау жүйесінде тіркелмеген айырбастау пунктері де бар.
Олар:
"Royal валюта" ЖШС,
"NURALI exchange" ЖШС,
"МиК" ОП ЖШС,
"Лидер Эксчейндж" ЖШС,
"Константа-А" ЖШС,
"Семей Валюта" ЖШС,
"Ромик" ЖШС,
"Ай-Ару и К" ЖШС,
"I' asi 'na-Qazyna" ЖШС,
"ТЕНГРИЯ" ЖШС.
Қаржы мониторингі агенттігі осы айырбастау пунктеріне WEB-СФМ порталында дереу тіркелуге және заң талаптарын сақтауға кеңес берді.
"Заң талаптарын орындамау, оның ішінде күмәнді операциялар жайлы хабарлама жібермеу кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қатысу ретінде бағалануы мүмкін. Бұл үшін заңнамада жауапкершілік көзделген, соның ішінде лицензияны қайтарып алу да бар. Ірі сомадағы қолма-қол ақша көбіне оның қылмыстық жолмен алынғанын білдіреді", - деп ескертті агенттік.
Ведомство айырбастау пунктерінің барлық иесін шекті және күмәнді операциялар туралы уақтылы хабарлауға шақырды.
Айта кетері, Ұлттық банк былтыр 134 айырбастау пунктін жауапкершілікке тартқан.