НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Алматы полициясы қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген белгілі вайнер Азимжан Саидбаевты іздестіріп жатыр. Бұл туралы қалалық полиция департаменті бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов хабарлады.
"Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-тармағы 2-тармақшасында (қаржылық "инвестициялық" пирамида құру және басшылық ету) көзделген қылмысты жасады деген күдікпен Қырғызстан тумасы, 30.09.1986 жылы туған Саидбаев Азимжан Алымджанович іздестіріліп жатыр", - деп жазды Әбдірахманов Telegram каналында.
Айтуынша, оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартау шарасы таңдалған.
Полиция вайнер туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, мына телефон нөмірлеріне хабарласуды сұрады: +7 701 758 67 60, +7 708 683 94 33 және 8 (727) 254 43 51.
Бұған дейін белгілі актер әрі вайнер Мейіржан Төребаев, актер Мейірхан Шерниязов және вайнер, актер, блогер Азимжан Саидбаев қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінді.
Алматы қалалық сотының ақпаратынша, Төребаев пен Шерниязовқа қатысты 1000 АЕК (3 063 000 теңге) мөлшерінде кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхаты қанағаттандырылған. Ал Саидбаевқа қатысты 2 айға сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Айта кетері, 2021 жылы вайнерлер Mudarabah Capital компаниясын жарнамалай бастаған. Үшеуі де компанияның құрылтайшылары атанды. Кейін компания қаржы пирамидасы деп танылды.
2021 жылдың қазанында Mudarabah Capital компаниясының иесі Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен ұсталды.