Денсаулық

Елордада коронавирус жұқтырған жүкті әйелдер саны азайды

Нұр-Сұлтанда 55 жүкті әйел коронавирусқа қарсы ем алып жатыр
Sputnik
АЛМАТЫ, 10 ақпан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда жүкті әйелдер мен сәбилер арасында коронавирус жұқтырғандар саны азайды. Бұл туралы қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазір жүкті әйелдер мен балалардың арасында коронавирус жұқтырғандар аз. Қалада 55 жүкті әйел коронавирус инфекциясына қарсы емделіп жатыр, оның 23-і ауруханада. Covid-19 анықталған 40 бала стационарлық жағдайда емделуде", - деді Тимур Мұратов.
Елордада науқастарды емдеуге 9 стационар жұмылдырылған. Ол жерде 1734 төсек-орын, оның ішінде 149 реанимациялық төсек бар.
"Қазір коронавирус стационарларында 531 науқас ем алып жатыр, инфекциялық төсек-орынның жүктемесі 30% төңірегінде. Өкінішке қарай реанимациялық төсек-орынның жүктемесі әлдеқайда жоғары, яғни 50%. Реанимацияда 75 науқас бар, оның ішінде 19 адам жасанды тыныс алу аппаратының көмегі арқылы тыныс алып жатыр. Реанимацияда жатқандардың көп бөлігі өз бетінше ем алғандар, жеке емханаға жүгінгендер және вакцина салдырмағандар", - дейді Мұратов.
Айта кетері, Нұр-Сұлтан қаласында қаңтарда 113 адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болды. Олардың 96%-і вакцина салдырмаған науқастар.
Денсаулық
Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандар саны 1 аптада 3 есе азайды