НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан – Sputnik. Мәжіліс депутаттары құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіруге арналған заң жобасын бірінші оқылымды мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Алдағы уақытта конкурстық тәртіптің бірыңғай кезеңдері мен шарттарын енгізу ұсынылып отыр. Конкурс кезінде арнайы тексеру сұратылмайды, оны конкурс аяқталғаннан кейін жүргізеді. Ал конкурстан тыс қызметке қабылдау шешімін облыстық бөлімше басшысы емес, құқық қорғау органының бірінші басшысы шығаратын болады.
Бұдан бөлек, арнаулы мемлекеттік органдарда жұмыс істеп жүрген қызметкерлер мен әскери қызметшілердің құқық қорғау органдарына кіру тәртібі оңайлатылады. Атап айтқанда, медициналық зерттеп-қарау, арнайы тексеру жүргізбей, полиграфсыз ауыстыру енгізіледі, өйткені олар бұл рәсімдерден әскери қызметке және арнаулы мемлекеттік органдарға кіретін кезде өткен.
Мемлекет басшысы бекітетін барлық құқық қорғау органына арналған анттың бірыңғай мәтіні енгізіледі. Атақтарды мерзімінен бұрын беру және кезектен тыс атақтар беру тәртібі өзгереді.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызметінде теріс баға алғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Олар үшін қайта аттестаттау енгізілмек.
Заң жобасы аясында қызметкерлерді көтермелеудің бірыңғай тәртібі де қарастырылған. Ал әлеуметтік қамсыздандыру бойынша 20 жылдық не 10 жылдық қызмет өтілі бар және асырауында мүгедек балалары бар қызметкерлер мемлекеттік қордан алынған тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығы беріледі. Ауру салдарынан қайтыс болған қызметкерлердің отбасы мүшелеріне тиісті өтемақы төлеу шаралары да бар.
Сондай-ақ полиция органдарының қатардағы және кіші құрамының лауазымдарын атқарған, бірақ аралас жұмыс өтіліне байланысты осы құқықтан айырылған адамдар үшін зейнетақы алу құқығы қайта беріледі. Құқық қорғау органының таратылуына байланысты қызметтен босатылған қызметкерлер де еңбек сіңірген жылдары (аралас жұмыс өтілі) бойынша зейнетақы алу құқығына ие болады.