Қаңтар оқиғасы

Қаңтар оқиғасы: күш қолдануға қатысты түскен арыздардың саны жарияланды

Қазіргі кезде тергеу изоляторларында прокуролардың қабылдауы өтіп жатыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан – Sputnik. Прокуратура органдарына тергеу кезінде заңсыз әдіс-тәсілдерді қолдануға қатысты 250 арыз-шағым түсті.
Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бізге тергеу кезіндегі заңсыз тәсілдерге қатысты 250 арыз түсті. Олар бойынша біз 133 қылмыстық іс қозғадық. Бұл істер прокурорлардың қатаң бақылауына алынды. Әр іс бойынша процессуалдық прокурор тағайындалған", - деді Шындалиев мәжілістің жалпы отырысында.
Осы орайда бас прокурордың орынбасары тергеуге қатысты қабылданған заңдарды еске салды. Оған сәйкес, тергеуші әрбір негізгі шешімін прокурормен келісуге міндетті.
"Сондықтан бірде-бір іс прокурордың назарынан тыс қалмайды деп ойлаймын", - деді Шындалиев.
Оның айтуынша, қазіргі кезде тергеу изоляторларында прокуролардың қабылдауы да өтіп жатыр.
"Бірінші күндері прокурорлар 96 адамды уақытша ұстау изоляторларынан босатты. Одан кейін біз ұсталған адамдардың отбасылық жағдайын, жасын және денсаулығын ескеріп басқа бұлтарпау шарасына ауыстыру мәселесін қарастырып жатырмыз. Осы жұмыстың нәтижесінде 92 адам тергеу изоляторларынан шығарылды", - деп атап өтті Шындалиев.