Елорда тынысы

Полицейлер астанада үй жалдайтын екі қызды ұстады - видео

Қыздардың бірі Ресей тумасы. Қазіргі уақытта айыпталушылардың қылмыстық әрекеттерін құжаттау, басқа да қатысы бар адамдарды анықтау шаралары жүргізіліп жатыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан - Sputnik. Елордада синтетика өндірісі бойынша ірі есірткі зертханасы жойылды.
Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері елордалық және қарағандылық полицейлермен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде “Family Village” коттедж қалашығындағы үйлердің бірінде синтетикалық есірткінің өндірісін жолға қойып, қала аумағында олардың көтерме саудасымен айналысқан екі жас қызды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, жалға алынған үйді тінту барысында 1218 таблетка “Экстази” синтетикалық есірткісі, 2 келі “Альфа-PVP” синтетикалық есірткісі, сондай-ақ, есірткі өндірісінде қолданылатын заттар – 140 литрден астам прекурсорлар және үй жағдайында есірткі дайындауға арналған түрлі зертханалық жабдықтар табылып тәркіленді.
Есірткі құралдарына сот-химиялық сараптамалар жүргізілген.
Айта кетері, ұсталғандар бір жылдан астам уақыт бойы синтетикалық есірткінің ірі партияларын дайындап сатқан.
"Ұсталғандар таяуда ғана жалпы салмағы 1,2 келі мефедронды қала сыртында екі жерде жасырғаны белгілі болды. Олар қосымша тергеу әрекеттері барысында тәркіленіп алынды. Алынған синтетикалық есірткілердің жалпы салмағы - 3 келі 840 грамм", - делінген хабарламада.
Қыздардың бірі Ресей тумасы. Қазіргі уақытта айыпталушылардың қылмыстық әрекеттерін құжаттау, сондай-ақ, басқа да қатысы бар адамдарды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
Еске сала кетері, 2021 жылы еліміздің бірнеше облысында Ресейден прекурсорлар мен зертханалық жабдықтарды жеткізумен, сондай-ақ, синтетикалық есірткілерді өткізумен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан топтың қатысушыларын ұстау бойынша ірі шаралар жүргізілген.
Былтыр ішкі істер органдары барлығы 17 есірткі зертханасын жойды.