НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов құқық қорғаушылардың мемлекеттік тілді білу міндетін заңмен бекітуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қаңтар оқиғасы кезінде шеруге шыққандар мен қамалғандар, оларды ұстағандар, тергегендер – барлығы қазақ тілді азаматтар. Осы орайда құқық қорғау қызметкерлері халқымен өз ана тілінде сөйлесіп, туындаған мәселелерді өз тілінде түсіндіргені абзал. Осылайша халыққа етене жақын болып, нағыз тыныштық сақшылары болуы қажет. Тәртіп сақшыларының мемлекеттік тілді игеру мәселесін назардан тыс қалдырмай, қарастырып отырған заң жобасы аясында өз шешімін табуы керек деп санаймын", - деді Дүйсенбинов мәжілістің жалпы отырысында.
Айта кетері, мәжілістің бүгінгі отырысында құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды.
Осы құжатпен құқық қорғау қызметіне кіру, оны өткеру және тоқтату тәртібі реттеледі. Ал бірқатар нормалары құқық қорғау органдарының қызметкерлерін материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, соның ішінде құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне қамтиды.