НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Қазақстан экономикасы 2022 жылы 4,2% өседі. Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша, Қазақстан экономикасы 2022 жылы 3,7-4,0%-ке өседі. Ал Ұлттық банк оны 3,9-4,2% деңгейінде болжап отыр", - деді Пірматов үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Айтуынша, үкіметпен бірлескен шараларды іске асыру нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция қыркүйек-қазан айларындағы ең жоғары 8,9%-тен 8,4%-ке дейін баяулады. Алайда инфляцияның баяулауы әлі де тұрақсыз.
"Биыл қаңтарда инфляцияның тағы да 8,5%-ке дейін жеделдеуі осыны дәлелдейді", - деді ұлттық банк басшысы.
Айтуынша, инфляциялық процестердің орнықсыздығын байқай отырып, Ұлттық банк биыл қаңтарда базалық ставканы 10,25%-ке дейін, 50 базалық тармаққа көтерді. Бұл инфляцияны биылғы жылдың соңына қарай болжанатын 6-6,5% дәлізіне қайтаруға ықпал етеді.
Пірматов Ұлттық банк наурыз айында 2022 жылға арналған инфляция болжамын өзектендіретінін атап өтті. Сонымен қатар, бағаның өсуін одан әрі төмендету үшін Ұлттық банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады.