Қоғам

Үлкен және Кіші Талдыкөлде экопарк ашылады

Үлкен Талдыкөл жанында қорық және орман-саябақ аймағы бар еліміздегі алғашқы табиғи парк ашылады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 ақпан – Sputnik. Елордадағы Үлкен және Кіші Талдыкөлде экопарк ашылады. Жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды қала әкімдігі.
Кіші Талдыкөлдің су балансын сақтап және толықтыра отырып, рекреациялық аймақ құру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
"Су қоймасы бойында судың табиғи сүзілуін және қажетті экожүйені құруға мүмкіндік беретін тастан жасалған жағалау болады. Сондай-ақ су деңгейін сақтап әрі оттегімен біркелкі қанықтыру үшін биодренаж жүйесін ұйымдастыру және су айдынын аэрациялау көзделеді", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, серуендеу үшін де арнайы инфрақұрылым жасалады: жағалаудағы сулы-батпақты жерлерде террассалық жағалау салынады.
Үлкен Талдыкөлде өзінің экологиялық инфрақұрылымы болады. Көл жанында қорық және орман-саябақ аймағы бар еліміздегі алғашқы табиғи парк ашылады.