НҰР-СҰЛТАН, 7 ақпан – Sputnik. "L-Capital" АҚ компаниясына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжал Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Зардап шеккен адамдардың саны 300-ден асады. Шығын сомасы – 260 миллион теңге. Қылмыстық іс аяқталып жатыр. Қазіргі кезде процесс қатысушылары тергеу материалдарымен танысуға кірісті", - деді Әділов онлайн брифингте.
Оның айтуынша, тергеуді ішкі істер министрлігі мен арнайы прокурорлар қызметі жүргізген. Полицияға Нұр-Сұлтан, Шымкент пен Атырау облысының тұрғындары арызданған. Жауапқа "L-Capital" компаниясының қызметкерлері – Г.Искандерова мен Т.Жантілесова тартылып отыр. Олар құнды қағаздармен жоғары инвестициялық табыс табуға болады деп елді алдаған.
Айта кетері, алданған салымшылар бір жыл бұрын Алматыда L-Capital компаниясының кеңсесіне жиналып, наразылық білдірген. Барлығы ірі көлемде ақша салған. Сол кезде шамамен 15 мың адам алаяқтардан зардап шекті деген мәлімет болды.