Жеті адам зардап шекті: елордада BMW жүргізушісі апат орнынан қашып кетпек болды – видео

Жол апатына кінәлі азамат мас болған
Sputnik
АЛМАТЫ, 6 ақпан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда жаппай жол апаты болып, салдарынан жеті адам түрлі дене жарақатымен медицина мекемелеріне жеткізілді, деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Апат 5 ақпанда шамамен кешкі тоғызда болды. BMW автокөлігінің жүргізушісі Тілендиев даңғылымен Талапкер ауылына қарай баратын жолда рөлді басқара алмай алдымен Toyota Camry көлігімен соқтығысты. Артынша KIA Rio автокөлігімен соқтығысқан. Екі көлік те соққыдан қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығып кетті. KIA Rio "Лада" маркалы автокөлігімен соқтығысты. Сол уақытта KIA Rio-ны "ВАЗ 21114" көлігі соққан.

"BMW автокөлігінің жүргізушісі жол апаты болған жерден жасырынуға тырысып, қарама-қарсы бағытта қозғалып, тағы да Toyota көлігімен соқтығысты. Апаттан кейін түрлі дене жарақатымен жеті адам медицина мекемелеріне жеткізілді, олар медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Полиция BMW автокөлігінің жүргізушісінің "жеңіл күйде" мас болғанын мәлімдеді. Автокөлік коммуналдық тұраққа жеткізілді.