АЛМАТЫ, 6 ақпан – Sputnik. Желіде құбыр арқылы Каспий теңізіне қалдық су қосылып жатқаны түсірілген видео пайда болды. Видео авторы осылайша жуынды-шайындыны теңізге құйып жатыр деген болжам жасаған.
Видеода шамамен курорттық қонақ үй аумағынан теңізге дейін созылатын құбыр табылғаны айтылған.
"Бұл құбырлар арқылы қонақ үйден шыққан барлық қалдық теңізге төгіліп жатыр", – дейді видео авторы.
Маңғыстау облысының экология департаменті зертханалық-талдау мониторингі бөлімінің мамандары учаскеден су сынамалары алынғаны мәлімдеді.
"Қазір тәуелсіз экологтарды, қоғам белсенділерін және "Экожер" экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығы Маңғыстау облысы экологиялық кеңесінің мүшелерін осы жағдайға объективті баға беру үшін тарту жоспарланып отыр", – деді Маңғыстау облысы экология департаменті өкілдері inaktau.kz басылымына.
Сондай-ақ тексеруге су инспекциясының, балық шаруашылығы басқармасының, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары тартылады. Олар өз құзыреті бойынша құқықтық баға береді.