АЛМАТЫ, 5 ақпан – Sputnik. Марокконың солтүстігінде құтқарушылар төрт күн бұрын 32 метрлік құдыққа құлаған бес жасар балаға жетуге тырысып жатыр. Бұл туралы жергілікті Hespress газеті хабарлады.
Оқиға Марокконың Шефшауэн деген шағын қаласында болды. Райян есімді баланы құтқару операциясы төрт күннен бері жалғасып жатыр. Құтқару жұмыстарын топырақ эрозиясы қиындатып отыр. Құтқарушылар асқан сақтықпен жұмыс істеп жатыр, себебі баланың үстін топырақ басып қалмауы керек.
Баланы құтқаруға экскаваторлар тартылған. Олар балаға жету үшін қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Осыған ұқсас оқиға дәл үш жыл бұрын Испанияда болған. Екі жасар Хулен тереңдігі 100 метр және ені 25 сантиметр техникалық құдыққа түсіп кеткен. Жергілікті басылымдар оның серуендеп жүріп құлағанын жазды. Баланы шығаруға 300-ге жуық құтқарушы мен азаматтық гвардия қызметкерлері жұмылдырылды.
Бір сәтте баланың жылаған дауысы естіліп, артынша тоқтаған. Шамамен екі аптадан кейін баланың қайтыс болғаны белгілі болды.