Өңірлер

"Бұл – дерт": құмар ойыншы букмекерлік кеңсені өртеп жіберді – видео

Ер адам құмар ойынмен әуестенген уақыттан бері ұтысқа 200 миллион теңге (461 мың долларға жуық) салғанын мойындады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан — Sputnik. Маңғыстау облысы Бейнеу қаласының тұрғыны букмекерлік кеңсені өртеп, осы әрекетін видеоға түсірген, деп хабарлайды "Ақтау-Лада" порталы.
Ол 20 жыл бойы құмар ойындарымен әуестеніп, 200 миллион теңгеге жуық қаржыны осыған жұмсаған. Бұл әрекетке өзін жеңе алмай, шарасыздықтан барғанын айтты.
"Бұл – дерт. Мен мұны жақсы білемін. Құмар ойындарына мен 200 миллионға жуық қаражат жұмсадым. Төрт балам, отбасым және достарым бар. Құмар ойындары үшін жақындарыма өтірік айттым. Мұндай ойынға әуестенгендер қолындағының бәрін сатуға дайын екенін білемін. Қаншама отбасы ойран болды. Өз-өзіме қол жұмсағым келген күндер де болды. Мына ғимаратты өртей алмадым. Мен жауапкершіліктен қашпаймын. Қандай салдары болатынын біліп тұрмын. Жастарымыз мен секілді құмар ойынға әуестеніп, барынан айырылғанын қаламаймын. Сіздерді жерге қаратсам, кешірім сұраймын", - дейді ер адам.
Маңғыстау облысы полициясының хабарлауынша, бұл оқиға бүгін, 3 ақпанда, болған. Ер адам ұсталды.
Өткен жылдың соңында осы тектес оқиға Қарағандыда болған. Ер адам 90 мың теңгені ойын автоматына ұтылып қалды. Есін жиған кезде автоматты сындырып, өзіне тиесілі ақшаны алған және артық қаражатқа тиіспеген.
Ер адам өз кінәсін мойындап, полицияға өз еркімен келгеніне және келтірілген шығынды өтеуге дайын екеніне қарамастан, оған қарсы қылмыстық іс қозғалды.