НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Атлант мұхитында Нигерия жағалауындағы мұнай платформасы жарылып, өртке оранды, деп хабарлады РИА Новости.
Мұхитта жүзіп жүретін Trinity Spirit қондырғысы мұнайды өндіруге, сақтауға және тиеуге арналған. Бүгін таңғы уақытта Укпокити терминалына жақын жерде қатты жарылыс болды. Артынан танкер өртке оранды.
Жарылыстың себебі белгісіз. Кеменің иесі - Shebah E&P компаниясы жарылыс кезінде платформада он адам болуы мүмкін деген ақпарат таратты. Олардың ішінде экипаж мүшелері және мұнай өндірумен айналысатын команда бар.
Әзірше барлығы із-түзсіз жоғалған адамдардың тізіміне енді. Осы жарылыстан кейін жақын тұрған басқа платформаларда жұмысшылар арасында дүрбелең басталды.
Жанып тұрған кемеге бірінші болып барған балықшылар оған жақындай алмады. Себебі өрт өте қатты болды. Сондай-ақ, америкалық Chevron компаниясының құтқарушылары мен тағы бір мұнай компаниясының мамандары нигериялық платформаға көмектесуге тырысты.
Блумберг агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, танкерде шамамен екі миллион баррель мұнай болуы мүмкін.